Биыл ҚР Қорғаныс министрлігінің Кадет корпусын және қазақстандық жоғары әскери оқу орындарды тәмамдаған 41 офицер мен 30 кадет Атырау, Ақтөбе, Бейнеу және Ақтау гарнизондарының әскери бөлімдерінде қызмет ету үшін келді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
"Батыс" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің хабарлауынша, жас офицерлер мен сержанттар келгеннен кейін оқу-әдістемелік іріктеулерге қатысып, өздерінің кәсіби дағдыларын жетілдірген. Іріктеу барысында олар жауынгерлік даярлық сабақтарын ұйымдастыру, өткізу, қарауылдар мен әскери нарядтардың жауынгерлік қызметін ұйымдастыру, сондай-ақ взводтарда тәрбие жұмысы бойынша білімдері мен дағдыларын жетілдірген.
Бұдан бөлек олар бөлімшелердің қызметтік-жауынгерлік қызметін реттейтін басшылық құжаттарды зерттеген.
«Бұл іріктеудің негізгі мән-маңызының бірі жалпы әскери жарғы, дене шынықтыру дайындығы, сондай-ақ тактикалық және атыс дайындығы нормативтік пәндері бойынша тест тапсыру болды. Бұл сынақтар жас офицерлер мен кадеттердің дайындық деңгейін тексеру үшін, сондай-ақ олардың күш-қабілетін байқап, одан әрі жетілдіру жолында бағытын айқындаудың маңызды кезеңі болды», - деді "Батыс" өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының орынбасары, полковник Елдос Бозғұлов.
Елдос Бозағұлов сондай-ақ бұл сынақтардың нәтижелері қызметтік міндеттерді одан әрі бөлу және әрбір қатысушысының кәсіби жарамдылығын бағалау кезінде ескерілетінін атап өтті.
Іріктеу аяқталғаннан кейін жас офицерлер мен кадеттер өз қызметтерін атқарып, қызметтік міндеттерін орындауға кіріседі.